Конференция туралы

2026 жылдың 15-16 қазанында география ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым, әрі педагог Күләш Дүйсенбайқызы Каймулдинованың 60 жас мерейтойына орай, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Тұрақты дамуға арналған пәнаралық ғылым: білім беру, зерттеу және цифрлық трансформация» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.

Күләш Дүйсенбайқызының ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі еліміздегі география ғылымының дамуына, білім беру жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауға елеулі үлес қосып келеді.

Конференция тұрақты даму, білім беру, ғылыми зерттеулер және цифрлық трансформация мәселелері бойынша ғылыми идеялар мен тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаң болмақ. Іс-шара Қазақстан мен шет елдердің жетекші ғалымдарын, оқытушыларын, зерттеушілерін, докторанттар мен жас ғалымдарды біріктіріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және пәнаралық зерттеулерді дамытуға ықпал етеді.

Спикерлер
  • Prof.Dr. Salih Çepni
    Бурса Улудаг университеті, Педагогика факультеті
    "Академиялық мәдениеті жеткілікті деңгейде қалыптаспаған ортадағы табысты зерттеушілердің пікірлері"
  • Hiroki Fujii
    Окаяма университеті Білім беру факультетінің профессоры
    Окаяма университетінің Тұрақты даму мақсатындағы білім беруді (ТДББ) ілгерілету орталығының директоры
    Тұрақты даму мақсатындағы зерттеулер мен білім беру жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі
    «Тұрақты даму мақсатындағы білім берудің болашағы: халықаралық және өңірлік көзқарастар»
  • Асубаев Берік Құттыбайұлы
    География ғылымдары кандидаты, Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қаласы филиалы директоры
    "Білім беру зерттеуіндегі деректің сенімділігі мен валидтілігі: зерттеуші көзқарасы"
  • Prof. Dr. Емин Атасой

    Бурса Улудаг Университетi

    Түркия
    "География ғылымы мен география пәнін оқыту мәселелеріне сыни көзқарас"
  • Siamak Seyfi
    Финляндиядағы Оулу университетінің туристік география кафедрасының қауымдастырылған профессоры
    "Тұрақты даму жеткілікті ме? Полидағдарыс дәуіріндегі әділетті, төзімді және регенеративті болашақты қайта ойлау"
  • Ali Torabi Haghighi
    Dr.Sc.(Tech.), M.Sc.(Tech.), B.Sc.(Tech.)
    Финляндия, Оулу университетінің профессоры
    «Экологиялық дағдарыстан Орталық Азиядағы әлеуметтік-экономикалық шиеленіске дейін: Арал теңізі бассейнінің трансформациясы»
  • Алимова Фарзона Абдукамаловна
    Профессор, DSc химия кафедрасы
    Низами атындағы Ташкент ұлттық педагогикалық университеті
    "Химия мұғалімін әдістемелік дайындаудың заманауи элементі ретінде цифрлық білім беру ресурстары"
  • Курбанова Айпара Джолдасовна
    Химия ғылымдарының кандидаты, Чирчик мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, Шыршық қаласы, Өзбекстан Республикасы
    "Білім беруді жаңғырту жағдайында білім алушылардың жаратылыстану-ғылыми мәдениетін дамытуға бағытталған химияны оқыту әдістемесі"
  • Гопиров Махмуджон Одилжанович
    География және геоақпараттық жүйелер кафедрасының доценті
    З.М. Бабур атындағы Әндіжан мемлекеттік университеті
    "Кадр даярлау географиясы өңірдің тұрақты дамуының факторы ретінде: автомобиль жасау өнеркәсібі үшін дуалды білім беру жүйесінің трансформациясы (Өзбекстан Республикасы Әндіжан облысы мысалында)"
  • Кахоров Болта Абдугафарович
    Биология ғылымдарының кандидаты, доцент
    Адам және жануарлар физиологиясы кафедрасы
    Өзбекстан Ұлттық университеті
    «Металлопептидтердің иммундық және қан түзу жүйелеріне әсері»
  • Зулпыхаров Қанат Базарбаевич
    PhD, қауымдастырылған профессор м.а. "Farabi GIS" геокеңістіктік ғылымдар орталығының директоры ҚазҰУ
    "Тұрақты жер пайдалану мақсатында Түркістан облысының суармалы жерлеріндегі деградациялық үрдістерді бағалау"
  • Асет Егизбаева
    "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" АҚ,
    "Ауыл шаруашылығы өндірісінің ғарыштық мониторингі" зертханасы
    "Егістіктен спутникке дейін: ақылды әрі климатқа төзімді ауыл шаруашылығына арналған көпсенсорлы интеграцияланған геокеңістіктік жүйе"
  • Сманов Жасулан Маратұлы
    "Farabi GIS" геокеңістіктік ғылымдар орталығының аға ғылыми қызыметкері ҚазҰУ
    "Оңтүстік Қазақстан аймағы шөл зонасындағы топырақтың тұздану процесі"
  • Камбарова Шоирахон Аскаровна
    Тарих ғылымдары бойынша философия докторы (PhD), доцент. Өзбекстан, Қоқан университеті
    "Махмұдқожа Бехбудидің жаратылыстану-ғылыми көзқарастарын талдау («Мунтахаби жуғрафияи умумий» еңбегі мысалында)"
  • Абдуназаров Лутфилло Маманович

    Педагогика ғылымдары бойынша философия докторы (PhD), профессор. Өзбекстан, Қоқан университеті

    "Урбанизация үдерістеріндегі тұрақты даму және мамандану"

Конференция бағдарламасы

15 қазан, 2026


09:00-09:30 — Конференцияның салтанатты ашылуы
09:30-11:00 — Пленарлық отырыс
11:00-11:30 — Кофе-брейк
11:30-13:00 — Шақырылған спикерлердің баяндамалары
13:00-14:00 — Түскі үзіліс
14:00-16:30 — Секциялық отырыстардың жұмысы
16:30-17:00 — Бірінші күннің қорытындысын шығару

16 қазан, 2026


09:00-12:30 — Workshop
12:30-13:00 — Конференция резолюциясын қабылдау.
14:00-17:00 — Экскурсия
17:00-18:00 — Қатысушылардың қайтуы
1-секция. Қоршаған ортаның тұрақты дамуы: география, экология және цифрлық технологиялар
2-секция. Тұрақты даму жағдайындағы химия ғылымының заманауи бағыттары және инновациялық технологиялар
3-секция.Тұрақты даму контексіндегі биология ғылымдары: зерттеу, білім беру және инновациялар
Қатысу және мақала ұсыну жарнасы
7000 теңге (KZT)
Құттықтаулар
Солтанбек Қасенов
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті
Киелі оқу орны табалдырығын сүмбіл шаш, тал шыбықтай бұрала, он жеті жасында аттап, тынымсыз тірлігімен, ерен еңбегімен, ең бастысы – жүзінен мейірім шуағы есіп, ұжымының шырайлы шұғыласына – құнарлы қазынасына айналып, өнегелі өмірбаяны қырық жылдан аса киелі шаңырақта қыз бұрымындай өрілген ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым, іскер ұйымдастырушы – Күләш Дүйсенбайқызы бүгінде ғұмырының берекелі белесіне шығып отыр. Жаңа жасқа жарқын жүз, асқақ абыроймен қадам басқан Күләшқа сенің абырой-мерейің өзіңмен сыйлас, ниеттес, тілектес ағайын-тума, әріптес, шәкірттерің үшін зор мәртебе, мақтаныш, үлгі-өнеге! Қадірлі басыңнан бақ таймай, өсіп, өркендей бері! - дей келе, қырық жылдан аса қатарлас, қанаттас келе жатқан әріптеске абыройың асқақтап, ғибратты ғұмырың ұзақ болып, жас ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбегің жас буынға әрдайым өнеге болғай! Толық нұсқасы: https://drive.google.com/file/d/1QUxVYOgCwWLT3qh6UWQQdxyiq3H2_UXg/view?usp=sharing
Увалиев Т.О., Алиаскаров Д.Т.
Абай атындағы ҚазҰПУ
География ғылымдарының докторы, профессор К.Д.Каймулдинова өзінің ұшқан ұясы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 38 жыл бойы үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан көрнекті әдіскер-ғалым және ғылыми-педагогикалық тәжірибесі мол белгілі тәлімгер ұстаз, әрі еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан танымал тұлға. Оның парасаттылығы, яғни үлкенге деген ерекше құрметі мен кішіге деген шынайы ізеті кез-келген адамды тәнті етеді. Терең білімі мен кәсіби тәжірибесінің арқасында қандай игілікті істі қолға алса, оған аса жауапкершілікпен қарап оны соңына дейін жеткізетін қасиеті және бар. Ол өзінің қажырлы еңбегіменен әріптестері мен шәкірттеріне қай жағынан болса да үлгі боларлық, факультет өмірінде өзіндік ойып тұрып алған орны бар бірегей де жанжақты жарасымды жан! Толық нұсқасы: https://drive.google.com/file/d/1FNDfFKGUDAyep0DK8tJ9yj-QISoeJ68b/view?usp=sharing
Үсейн Гулира Абайбекқызы
Абай атындағы ҚазҰПУ, 8D01515 -География мамандығының 3 курс докторанты
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы!
Сізді 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Адам өміріндегі бел - белестердің бәрі елеулі. Ал Сіз үшін бұл жылдар — ғылымға адал қызмет етудің, ұстаздық жолда талай шәкіртке бағыт-бағдар берудің, отандық география ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосудың жарқын шежіресі.
Сіздің ғылыми ізденістеріңіз бен еңбектеріңіз отандық ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Сіздің ғылымға деген адалдығыңыз, ізденіске деген талабыңыз бен әрбір мәселеге терең ғылыми көзқараспен қарауыңыз — біз, шәкірттеріңіз үшін үлкен өнеге.
Мен үшін Сіздің жетекшілігіңізбен магистратурада білім алу — өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі. Ғылыми жетекшім ретінде Сіз маған тек ғылыми зерттеу жүргізудің жолын ғана көрсетіп қойған жоқсыз. Сіз маған ғылымға жауапкершілікпен қарауды, әрбір дерекке сын көзбен қарауды, өз ойыңды ғылыми тұрғыда дәлелдеуді және үнемі ізденісте болуды үйреттіңіз.
Бүгінде Сіздің жетекшілігіңізбен алған білімім мен ғылыми бағыт-бағдарыңыздың арқасында докторантураға түсіп, ғылым жолындағы ізденісімді одан әрі жалғастырып келе жатқанымды ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Бұл — мен үшін үлкен жетістік қана емес, Сіздей ұстаздан алған білім мен тәрбиенің, ғылыми мектебіңіздің жалғасы деп білемін.
Ұстаздың ең үлкен еңбегі — шәкіртінің жетістігі. Менің бүгінгі ғылыми ізденіс жолымда Сіздің берген біліміңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің орны ерекше. Магистратурада қалыптасқан ғылыми қызығушылығымның докторантурада жалғасып, ғылым жолына түсуіме Сіздің ұстаздық ықпалыңыздың маңызы зор.
Сізден алған әрбір кеңес, әрбір сын-пікір мен үшін ғылыми жолымда бағыт-бағдар болып келеді. Сондықтан бүгінгі мерейлі күніңізде Сізге шәкіртіңіз ретінде ең алдымен шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Қадірлі Күләш Дүйсенбайқызы - Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, шығармашылық шабыт және ғылыми еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Ғылым жолындағы еңбегіңіз жемісті болып, жаңа ғылыми жетістіктер мен биік белестер көп болсын!
Сізге деген шәкірттік алғысым мен құрметім әрдайым жүрегімде!

Ізгі ниетпен,
шәкіртіңіз Үсейн Гулира Абайбекқызы.
Гульнара Шахмурова
Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің Биология кафедрасының профессоры
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы!
Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері атынан, сондай-ақ Жаратылыстану ғылымдары факультетінің ұжымы атынан Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Сіз — шабыттандырушы көшбасшы, көрнекті ғалым және дана ұстазсыз, Қазақстанда жаратылыстану ғылымдарының дамуына және мамандар даярлауға зор үлес қостыңыз. Біздің факультеттер арасында берік кәсіби достық қарым-қатынас қалыптасқанына шын жүректен қуаныштымыз. Бірлескен бағдарламалар мен академиялық ұтқырлық Өзбекстан мен Қазақстан арасында берік білім көпіріне айналды, ал осы бастамаларға Сіздің жеке қолдауыңыз баға жетпес құндылық. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық ұзақ ғұмыр және таусылмас оптимизм тілейміз. Өміріңіз үйлесімділікке толы болсын, ал Абай атындағы ҚазҰПУ жаратылыстану және география факультеті гүлденіп, жаңа биіктерді бағындыра берсін!
Құрметпен және ізетпен,
Ташкенттегі әріптестеріңіз
Низами атындағы ҰПУУ
Иманкулова Софья Копесбаевна
Абай атындағы ҚазҰПУ, Биология кафедрасының профессоры
Күләш, айналайын, сен өмірдің үлкен, мазмұнды әрі шынымен лайықты жолын артқа тастаған асуды еңсердің.
Бұл – еңбекке, ізденіске, қиындықтарды жеңуге және көптеген жеңістерге — үлкен де, кіші де - толы жол.
Ойлаймын, артыңа бұрылып, өз өміріңді өзің бағалағанда, сен терең қанағат сезінетін боларсың.
Бұл тек сенің жеке жетістіктеріңде ғана емес, сен өз қабілеттеріне деген сенімділік отын жаққан жас та талапты педагогтар қауымдастығы қалыптасқан бүкіл ұжымда да айқын көрінеді.
Меніңше, бұл — сенің қызметіңдегі ең басты жетістік.
Шын жүректен саған мықты денсаулық, таусылмас қуат пен өмірлік күш тілеймін. Әрбір жаңа күн қуаныш әкелсін, ал жаныңда әрдайым сүйікті балаларың, адал достарың және ризашылық білдіретін әріптестерің болсын!
Алда тек жарқын оқиғалар, жаңа жаңалықтар мен шығармашылық шабыт күтсін!
Отбасыңа және жақындарыңа амандық тілеймін.
Құрметпен, Софья Копесбаевна.

Егизбаева Асет Сағатбекқызы
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ «Ауыл шаруашылығы өндірісінің ғарыштық мониторингі» зертханасының меңгерушісі, Қазақстан–Қытай бірлескен “Earth Observation and Environmental Sustainability” зертханасының координаторы
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы!
Сізді 60 жас мерейтойыңызбен «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ «Ауыл шаруашылығы өндірісінің ғарыштық мониторингі» зертханасының ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің география ғылымы мен білім беру саласының дамуына, ғылыми мектеп қалыптастыруға және зерттеушілерді тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз зор. Сізден білім алған ғалымдардың біздің Орталықта Жерді қашықтан зондтау және геоақпараттық технологиялар бағытында зерттеулер жүргізуі – ғылыми сабақтастықтың көрінісі. Сізге денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен ғылыми жетістіктер тілейміз. Мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын!

Ізгі құрметпен, Егизбаева Асет Сағатбекқызы
«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ «Ауыл шаруашылығы өндірісінің ғарыштық мониторингі» зертханасының меңгерушісі, Қазақстан–Қытай бірлескен “Earth Observation and Environmental Sustainability” зертханасының координаторы
Мұқатаева Жазира Сағатбекқызы

Абай атындағы ҚазҰПУ

Химия кафедрасының меңгерушісі,

х.ғ.к., қауымдастырылған профессор

Өнегелі еңбек жолы – ұлағатты өмір белесі.

Құрметті Куляш Дүйсенбайқызы мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын!
Алпыс жас – адам өміріндегі үлкен белес, артқа көз салып, атқарған еңбегіңе ой жүгіртіп, ел мен білім саласына қосқан үлесіңді бағамдайтын кемел кезең. Осы тұрғыдан алғанда, Сіздің білім беру саласындағы еңбек жолыңыз, әсіресе Жаратылыстану және география факультетінің дамуына қосқан үлесіңіз ерекше құрметке лайық.
Сіздің есіміңіз факультетіміздің тарихымен біте қайнасып жатыр. 2015 жылдан бастап 2026 жылға дейін Жаратылыстану және география факультетінің деканы, директоры қызметтерін абыроймен атқарып, факультеттің қалыптасуы мен өркендеуіне зор еңбек сіңірдіңіз. Осы жылдар ішінде факультет ұжымының басын біріктіріп, білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби әлеуетін көтеруге және білім алушыларға қолайлы академиялық орта қалыптастыруға үлкен үлес қостыңыз. Көп жылдар бойы көреген басшы, білікті ұйымдастырушы ретінде факультет ұжымын ортақ мақсатқа жұмылдырып, оның дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіз басшылық еткен кезең факультетіміздің тарихында жарқын жетістіктерімен, тың бастамаларымен, кәсіби биіктерімен және ұжымдық бірлігімен мәңгі есте қалды. Сіздің парасаттылығыңыз, талапшылдығыңыз, әділдігіңіз бен адамгершілік қасиеттеріңіз әріптестеріңізге әрдайым үлгі болды. Айналаңызға сенім ұялатып, ынтымағы жарасқан, бір-біріне сүйеніш бола білетін үлкен ұжым қалыптастыра алдыңыз. Бұл – нағыз көшбасшыға ғана тән қасиет.
Әсіресе, ректор Т. Балықбаевтың ұсынысымен факультеттің ГЦОС басқару жүйесіне көшуі кезеңінде Сіздің ұйымдастырушылық қабілетіңіз бен көшбасшылық қасиетіңіз айқын көрінді. Басқару жүйесіндегі жаңа талаптарға бейімделе отырып, факультеттің жаңа бағытта қарқынды дамуына, құрылымдық және мазмұндық өзгерістердің жүзеге асуына басшылық жасадыңыз. Бұл кезең факультеттің даму тарихындағы маңызды белестердің бірі болды деп айтуға толық негіз бар. Сіздің басшылық қызметіңіздегі ең басты ерекшеліктердің бірі – кез келген өзгерісті тек басқару міндеті ретінде емес, ұжымның дамуына мүмкіндік беретін жаңа бастама ретінде қабылдай білуіңіз. Қиын кезеңдерде жауапкершілікті мойныңызға алып, әріптестеріңізге қолдау көрсетіп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білдіңіз. Осы қасиеттеріңіз Сізді әріптестер арасында сыйлы әрі беделді тұлға ретінде танытты.
Мен үшін де Сізбен бірге қызмет атқарған жылдар – кәсіби тұрғыдан үлкен тәжірибе мектебі. Факультеттің дамуына бағытталған талай бастаманың, жаңа жобалардың, маңызды шешімдердің куәсі болдық. Сол жылдардағы еңбегіңіз бен ізденісіңіз, ұжымға деген жанашырлығыңыз әріптестеріңіздің есінде жақсы естелік болып сақталары сөзсіз.
Ғалым-ұстаз ретіндегі еңбегіңіз – өз алдына бір мектеп. Сіз талай буын білікті мамандарды тәрбиелеп, ғылым жолына бағыт-бағдар берген аяулы ұстазсыз. Өз қолтаңбаңыз қалыптасқан ғылыми мектебіңіз арқылы білім беру мен ғылымның дамуына орасан зор үлес қостыңыз. Бүгінде Сіздің шәкірттеріңіз еліміздің әр өңірінде жемісті еңбек етіп, ұстаз атына лайық абыроймен қызмет атқаруда. Бұл – Сіздің ғұмырыңыздың ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Бүгінде профессор-зерттеуші ретінде ғылыми шығармашылыққа ден қойып, ғылым көкжиегін кеңейтуге бағыт алған жаңа белесіңізде ізденістеріңіз табысты болып, еңбектеріңіз ғылым мен білім саласының өркендеуіне қызмет ете берсін. Жаңашыл идеяларыңыз бен мол тәжірибеңіз кейінгі буын ғалымдарына әрдайым бағыт-бағдар болсын!
Алпыс жасыңыз – өткенге тағзым жасап, бүгінгі жетістіктерді бағалап, алдағы күнге жаңа мақсаттар қоятын кемел шақ, саналы ғұмырыңызды ғылым мен білімге, ұлт болашағын тәрбиелеуге арнаған абыройлы жолдың жарқын белесі. Осы мерейлі белесте Сізге ең алдымен зор денсаулық, отбасыңызға амандық, бала-шағаңыздың қызығын көруді, еңбегіңіздің жемісін көруді тілеймін. Өмір жолыңыздың әрбір күні қуаныш пен берекеге, жаңа жетістіктер мен жарқын сәттерге толы болсын! Ұстаздық және басқарушылық жолда жинаған мол тәжірибеңіз кейінгі буынға өнеге болып, абырой-беделіңіз асқақтай берсін. Мерейтойыңыз мерейіңізді өсіріп, ғибратты ғұмырыңыздың жаңа, жарқын белестеріне жол ашсын!
Унербаева Зульфия Оралбаевна
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандитаты
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы! Сізді 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге мол табыс пен береке тілеймін. Сіздің қара шаңырақ Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінде, әсіресе Жаратылыстану және география факультетінің түлегі ретінде атқарған еңбегіңіз бен абыройлы орныңыз ерекше. География ғылымдарының докторы, профессор К. Д. Қаймулдинова есімі Қазақстан түлектеріне кеңінен таныс. Біліміңіз бен кәсіби шеберлігіңізбен кейінгі ұрпаққа үлгі болып, факультетіміздің дамуына, білім сапасының артуына және жас мамандардың қалыптасуына зор үлес қостыңыз. Парасаттылығыңыз бен көшбасшылығыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Осындай биік жетістіктеріңіз арта берсін! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Мухриддин Максуд угли Авезов
Философия докторы (PhD), география ғылымдары бойынша, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің физикалық география кафедрасының доценті, Өзбекстан Топонимикалық қоғамы төрағасының орынбасары.
Құрметті Куләш Дүйсенбайқызы!
Сізді 60 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздің көп жылдық ғылыми-педагогикалық еңбегіңіз, географиялық ғылымға берілгендігіңіз және білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесіңіз ерекше құрметке лайық.
Сіздің географиялық топонимика саласындағы зерттеулеріңіз, табиғи нысандар атауларының қалыптасу заңдылықтарын зерттеуіңіз, аридті аумақтардың топонимиясы мен дәстүрлі табиғат пайдалану мәселелері ерекше маңызға ие. Сіздің еңбектеріңіз, оқулықтарыңыз бен монографияларыңыз географтар, оқытушылар және жас зерттеушілер үшін маңызды ғылыми-әдістемелік мұраға айналды.
Сіз ғалым, педагог, жетекші және лайықты шәкірттер тәрбиелеп, ғылыми мектептің дамуына ықпал еткен ұстаз ретінде әділ түрде беделге ие болып отырсыз.
Сізге мықты денсаулық, амандық, таусылмас шығармашылық қуат, жаңа ғылыми жетістіктер мен дарынды шәкірттер тілейміз! Сіздің ғылыми мұраңыз ұзақ жылдар бойы географиялық ғылым мен білім берудің дамуына қызмет ете берсін!
Имашева Элмира Куанбаевна
Шу қаласы, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі
Құрметті Күляш Дүйсенбаевна! Сізді өміріңіздің белесті асқар 60 жас мерейтойыңызбен құттықтаймын. Бүгін осынау шуақты күнде студенттік балғын шағымыз, студент аудиториясында өткен қызықты күндеріміз еріксіз еске түседі. Институт қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ Сіздің өз ерекшелігіңізбен, ұқыптылығыңыз бен көшбасшылық қасиетіңізбен баршамыздан озық тұрғаныңыз күні кешегідей көз алдымызда. Сізбен бірге оқып, студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бірге бөліскенімізді әрқашан мақтан тұтамын. Сіз тек біздің мақтанышымыз емес, тұтас бір отандық география ғылымының қарашаңырағына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде абыроймен еңбек етіп жүрген көрнекті ғалым, білікті профессорсыз. Отандық география саласының дамуына, жас ұрпақ тәрбиелеп, білікті маман даярлауға қосқан сүбелі үлесіңіз өлшеусіз. Ғылыми жолыңыз әлі де талай жастарға бағыт-бағдар беріп, шәкірттеріңіздің жетістігіне қуанып жүре беріңіз.
Еркін Айыпұлы Тоқпанов
География ғылымдарының кандидаты, І. Жасүгүров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры
Құрметті профессор Күләш Дүйсенбайқызы! Сізді 60 жасқа толған мерейтойыңызбен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану-география факультетінің 1988 жылғы түлектерінің атынан шын жүректен құттықтаймын!
Сіздің Қазақстан Республикасында география ғылымдарының дамуына қосқан үлесіңіз зор. Жоғарғы оқу орындарына, жалпы орта білім беретін мектептерге арналған география оқулықтарынан білім нәрін алған жас ұрпақ білікті маман ретінде егеменді еліміздің іргесіне кірпіш болып қалана берсін!
Күләш Дүйсенбайқызы ақыл парасатыңыз бен терең теориялық және әдістемелік біліміңіз одан әрі шыңдалып, білім мен ғылым салаларын дамытуға, география саласының білікті мамандарын дайындауға өз үлестеріңізді қоса беріңіз!
Сізге сарқылмас күш-қуат, зор денсаулық, қуанышты көңіл-күй, лайықты табыс және ұзақ әл-ауқат тілеймін!
Ізгі тілекпен курстасыңыз география ғылымдарыың кандидаты, І. Жасүгүров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылға профессоры (доцент) Еркін Айыпұлы Тоқпанов
Абу Айдана Сарсенбекқызы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «География» мамандығы бойынша 2-курс PhD докторанты; STEM IDEA халықаралық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры әрі ғылыми әдіскері
Қадірлі Күләш апай! 60 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Бакалавриаттан докторантураға дейінгі тәліміңіз бүгінде өз орталығымда ұстаздардың кәсіби дамуына үлес қосуыма негіз болды. Copernicus сабақтары, Scopus-тағы ортақ мақалаларымыз, 500 даналық оқу басылымымыз — қымбат жетістіктер. Тұрақты даму мен ЮНЕСКО-ның жалпы мектептік тәсілі аясындағы ізденістеріңіз шабыт береді. Денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!
Алғыспен, шәкіртіңіз Абу Айдана Сарсенбекқызы
Алимбекова Гульбану Тазабековна
Абай атындағы ҚазҰПУ, 8Д05203-География БББ, докторант
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы! Сізді 60 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сізге мерейлі жасыңызда ең алдымен мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, жүрегіңізге тыныштық пен қуаныш тілеймін! Ғылымдағы еңбегіңіз жемісті болып, ойға алған әрбір игі бастамаңыз жүзеге аса берсін. Әлі де талай ғылыми жаңалықтардың, үлкен жобалардың, биік жетістіктердің куәсі болып, биіктерді бағындыра беріңіз🤍 Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік, ғұмырыңыз ұзақ болсын, Күләш Дүйсенбайқызы! Жаныңызға жақын жандардың құрметі мен ықыласына бөленіп, әрдайым айналаңызға шуақ шашып, мейіріміңізбен, парасатыңызбен, биік болмысыңызбен талай ұрпаққа жол көрсетіп жүре беріңіз. Мен үшін Сіз – ғылымдағы алғашқы шамымды жаққан, жолымды айқындаған, сенім берген «Ғылымдағы Анамсыз»🤍🤍🤍 Сізге деген алғысым да, құрметім де жүрегімде әрдайым сақталады❤️ Сіздің шәкіртіңіз болу мен үшін үлкен мәртебе🤍
Шын жүректен шәкіртіңіз Гүлбану🤍
Химия мамандығының магистранттары
Абай атындағы ҚазҰПУ Химия мамандығының 2-курс, 1-топ магистранттары
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы! Абай атындағы ҚазҰПУ-дың химия мамандығы, 2-курс 1-топ магистранттары атынан Сізді 60 жас мерейтойыңызбен және өзіңізге арналған халықаралық конференцияның өтуімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіз біз үшін тек мықты ғалым, профессор ғана емес, жүрегі кең, әрқашан қолдайтын жанашыр ұстазсыз. Ғылымға қосқан үлесіңіз бен берген ақыл-кеңесіңіз біз үшін үлкен үлгі. Осындай ауқымды конференцияның ұйымдастырылуы — жылдар бойғы тынымсыз еңбегіңіздің шынайы жемісі. Сізге ең алдымен зор денсаулық, сарқылмас қайрат, отбасыңызға амандық пен береке тілейміз! Конференция жұмысына сәттілік тілейміз, қуанышыңыз ұзағынан болсын!
Сералиев Асет Бактыбекович
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Білім жоғары мектебі факультеті, «Жаратылыстану білімі және педагогикалық инновациялар» кафедрасының аға оқытушысы, PhD
Құрметті Күләш Дүйсенбайқызы! Сізді 60 жылдық мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің табалдырығын алғаш 1999 жылы аттаған кезден бастап, Сіздің ғалымдық болмысыңыз бен ұстаздық ұстанымыңызды үлгі етіп келеміз. Дәрістеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз бізге география ғылымын сүюді, ғылымға адал болуды, үнемі ізденуді үйретті. Сіздің география ғылымына қосқан үлесіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіңіз, мектеп оқулықтарын жазу мен білім беру ісін дамытудағы қызметіңіз – кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды мұра. Кәсіби жолымда Сізден алған тәлімнің орны ерекше. Сіздің шәкіртіңіз екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық, бақ-береке тілеймін. Абырой-беделіңіз асқақтап, шәкірттеріңіздің жетістігіне қуана беріңіз! 60 жасыңыз құтты болсын, аяулы ұстаз! Ізгі ниетпен, шәкіртіңіз Сералиев Әсет Бақтыбекұлы
Майматаева Асия Дуйсенгалиевна
Биология кафедрасының меңгерушісі, Абай атындағы ҚазҰПУ
Құрметті Күләш Дүйсенбаевна!
Сізді мерейлі 60 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Алпыс жас — адам өмірінің кемелдікке толы, еңбектің жемісі мен елдің құрметі тоғысқан айрықша белесі. Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, ғылым мен білімге арнаған қажырлы еңбегіңіз, парасаттылығыңыз бен адами болмысыңыз осы мерейлі кезеңнің мәнін тереңдете түседі.
Әріптестеріңізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, әр адамның қабілетін танып, еңбегін бағалай білдіңіз. Сіздің басшылығыңызбен атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан бастамалар факультет тарихында өзіндік із қалдырды.
Сіз — парасаты биік, жүрегі кең, айналасына жылулық сыйлайтын ардақты жансыз. Талапшылдық пен жанашырлықты, іскерлік пен ізгілікті үйлестіре білетін қасиетіңіз Сізге деген құрметімізді арттыра түседі. Әсіресе, жастардың өсуіне қолдау көрсетіп, олардың бойындағы мүмкіндікті байқап, жауапты іске сеніммен жетелей білуіңіз — Сіздің ұстаздық және басшылық болмысыңыздың ерекше қыры. Сіз үшін жас маманның жетістігі — ортақ қуаныш, ал оның кәсіби қалыптасуы — үнемі назар мен қамқорлықты қажет ететін маңызды іс.
Мен үшін Сіздің сеніміңіз бен қолдауыңыздың орны айрықша. Кафедра меңгерушісі қызметіне мені ұсынған кезде айтқан: «Сен барлық жұмысты білесің, сенің қолыңнан келеді!» деген сөзіңіз әлі күнге дейін жадымда. Сол сөз маған жігер беріп, өз мүмкіндігіме сенуге, жауапкершілікті батыл қабылдауға жол ашты. Сіз менің тәжірибемді бағалап қана қоймай, алдағы қадамыма сенім білдірдіңіз. Сол сенімнің салмағын сезіну еңбегіме мұқият қарап, үнемі ізденуге, өзімді кәсіби тұрғыдан жетілдіруге ынталандырып келеді.
Бірге қызмет атқарған жылдар мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Сізден ұжымды басқаруды, әріптестердің пікірін тыңдауды, күрделі жағдайда байыппен шешім қабылдауды және адамға құрметпен қарауды үйрендім. Қажетті сәтте айтқан ақылыңыз, көрсеткен қолдауыңыз бен шынайы жанашырлығыңыз үшін Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін. Адамның бойына сенім ұялатып, оның алға ұмтылуына дем беру — үлкен жүректі, парасатты тұлғаның қолынан келетін қасиет.
Ғалым, ұстаз және басшы ретінде Сіздің еңбегіңіздің құндылығы шәкірттеріңіздің жетістіктерінен, әріптестеріңіздің ықыласынан және ұжымның Сізге деген құрметінен көрінеді. Өзіңіз тәрбиелеген мамандар мен қолдау көрсеткен жастардың әрбір табысында Сіздің еңбегіңіздің, ақыл-кеңесіңіз бен сеніміңіздің үлесі бар. Бұл — жылдар өткен сайын мәні арта түсетін рухани мұра.
Ардақты Күләш апай! Осы мерейлі күніңізде Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін. Балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызығын көріп, жақындарыңыздың сүйіспеншілігіне, шәкірттеріңіз бен әріптестеріңіздің құрметіне бөлене беріңіз. Ғылыми ізденістеріңіз жемісті болып, жаңа идеяларыңыз жүзеге асып, әр күніңіз қуаныш пен көңіл тыныштығына толсын!
Жастарға жол ашқан кең пейіліңіз, ұжымға тірек болған парасатыңыз, ғылым мен білімге сіңірген еңбегіңіз әрдайым жоғары бағалана берсін. Бізге білдірген сеніміңіз бен қамқорлығыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын!
 

Биология кафедрасының меңгерушісі

Майматаева Асия Дуйсенгалиевна

Сейлхан Айнур Сейлханқызы
ҚР. Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық мемлекттік ғылыми техникалық сараптамалық орталығы, Мониторинг депратаменті директор орынбасары, G.Washington “Болашақ” бағдарламасының түлегі
Ғылым мен жоғары білім беру саласын дамытуда, сондай-ақ әкімшілік басқаруды тиімді ұйымдастыруда мол тәжірибеңіз бен іскерлік қабілетіңізді ұштастыра білген білікті басшы ретінде талай жас маманның қарым-қабілетін дәл танып, олардың кәсіби жолын айқындауына бағыт-бағдар беріп, көпке үлгі болдыңыз.
Сіздің табанды еңбегіңіздің нәтижесінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде білім беру ісінің дамуына, мектеп географиясының мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жаңғыруына елеулі үлес қосқан дарынды мамандардың жаңа легі қалыптасты. Өзіңіз тәрбиелеп, ғылыми жолға бағыттаған шәкірттеріңіз бүгінде география ғылымы мен білім беру саласының әртүрлі бағыттарында жемісті еңбек етіп, өз мектебіңіздің ғылыми дәстүрін лайықты жалғастырып келеді.

Ғасырлық тарихы бар қара шаңырағымыз – Абай университетінің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі байланыстарының кеңеюіне де айрықша үлес қостыңыз. Қытай, Жапония, Италия, Испания, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнатып, академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына жол аштыңыз. Бұл бастамалар университетіміздің халықаралық беделін нығайтып, оның әлемдік білім кеңістігіндегі танымалдығын арттыруға өзіндік серпін берді.

Сіздің ғылымға адалдығыңыз, білімге деген жанашырлығыңыз, ұйымдастырушылық қабілетіңіз бен шәкірт тәрбиелеудегі өнегеңіз – кейінгі буын үшін баға жетпес мектеп. Қалыптастырған ғылыми ортаңыз бен кәсіби сабақтастығыңыздың нәтижесінде бүгінде өз жолын тапқан талай шәкіртіңіз ел игілігіне қызмет етіп келеді.

Сізге ғылым мен білім саласындағы еселі еңбегіңіз, университетіміздің дамуына қосқан қомақты үлесіңіз және талай жас маманның кәсіби қалыптасуына жасаған қамқорлығыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Еңбегіңіздің жемісі еселеніп, шәкірттеріңіздің жетістігі өзіңізге әрдайым қуаныш сыйласын!
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы,
Достық даңғылы, 13. Бас оқу ғимараты, №225 конференц-зал.
Байланыс нөмірі: +7 775 105 61 51
E-mail: sdgkaznpu2026@gmail.com
Made on
Tilda